Көкшетау қаласын қақ жарып ағатын шағын ғана Қылшақты өзені тасыды. Судың арнасынан асуына биыл қардың көп түсуі себеп, дейді мамандар. Қазір жағаға жақын орналасқан 40 шақты үйдің ауласын су басып қалған, деп хабарлайды 24.kz.
Өзеннің арнасынан асқаны сонша, кей жерде көпірлердің үстінен де су жүріп кеткен. Үйлер мен әлеуметтік нысандарға су кетпеу үшін 500 тоннаға жуық инертті материал төселді. Ал қала іргесіндегі Красный Яр кентіне апаратын жолдағы қозғалыс қалпына келтірілген. Таяуда бұл тас жолды су шайған болатын.
Дегенмен Шағалалы су қоймасынан жіберілген су әлі де ағып жатыр. Себебі ол да толып қалған. Айта кетейік, биыл Көкшетау қаласына су тасқынының алдын алу үшін 37 млн теңге бөлінген болатын.
"Қылшақты өзенін ең басынан тазартатын іс-шаралар қарастырылмаған. Оның бәрін енді болашақта қарастырады деп ойлаймыз. Өзендегі су төмендеген соң жазғытұрым оны өткіземіз деген ойымыз бар. Осындай көп су күтпедік. Өткен жылдары қаламызға мұндай көп су келмеген", – дейді қалалық тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Ермек Қарағаев.