Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса қызметінен кеткені туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Құрметті, көкшетаулықтар! Мен Көкшетау қаласының әкімі қызметінен кеттім. Біз қалалық инфрақұрылымды жақсартуға және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар бастаманы іске асыра алдық деп ойлаймын. 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 144 КТҮ тапсырылды, 170 км астам жол жөнделді, 39 балалар мен 47 спорт алаңдары салынды. Биыл Халық қатысатын бюджет жобасын іске асыру аясында 19 алаңның құрылысы жүргізілуде. Қиын да қызықты жолда менімен бірге болғандардың барлығына алғыс айтқым келеді", - делінген жазбада.
Бауыржан Ғайса бұл қызметке 2021 жылдан бастап кіріскен болатын.