Көкшетау-Шымкент бағытында жаңа әуе рейісі ашылды. Алғашқы рейспен Ақмола облысының әкімі Мәлік Мурзалин бастаған топ Шымкент әуежайына табан тіреді.
Делегаттарды арнайы күтіп алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа бағыттың екі облыстың сауда-экономикалық қатынастарының нығаюына,туризм саласының қарқынды дамуына септігін тигізетіндігін жеткізді.
"Еліміздің Оңтүстігі мен Солтүстігін жалғайтын әуе кеңістігінде алтын көпір орнатылып отыр. Бүгінгі күннен бастап, аптасына 2 рет жиілікпен "Шымкент-Көкшетау" әуе бағыты бойынша аптаның жұма, жексенбі күндері әуе рейстері орындалатын болады. Еліміздің мақтанышы саналатын Бурабай демалыс аймағына еліміздің ғана емес, шетелдің де қызығушылығы өте жоғары. Бұдан былай облыс тұрғындары Бурабайға "Шымкент-Көкшетау" әуе бағытын пайдалана отырып, баруына үлкен мүмкіндік пайда болды", - деді Жансейіт Түймебаев.
Тасымалдауға арналған ұшақ түрі канадалық CRJ-200. Жол жүру бағасы - 20 мың теңгені құрайды. Қазірдің өзінде "Шымкент-Көкшетау" бағытын жандандыру мақсатында, қос қалада да халықтың көп шоғырланатын орындарында жарнамалар орнатылған.
Оңтүстікке іссапары барысында көкшетаулық делегация басшылығы мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі екі жақты ынтымақтастықты арттыру жөнінде келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысы әкімдіктері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.