Көкшетау қаласының прокуратурасы бюджет және мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау барысында мектептердің бірінде жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарының құны негізсіз ұлғайтылғанын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру кезінде білім беру нысанын жөндеуге 1,5 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылғаны белгілі болды. Алайда жобалау-сметалық құжаттаманы зерделеу барысында түзету коэффициентінің дұрыс қолданылмауына байланысты құрылыс құны жасанды түрде арттырылғаны анықталған.
Прокуратураның қадағалау актісі негізінде мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылып, жоба құрылыс құнын қайта есептеу үшін қайта қарауға жіберілді.
Нәтижесінде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді. Прокуратура бұл бағыттағы жұмыстың жалғасып жатқанын хабарлады.