Көкшетауда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жарықтандыру жобасының құны жасанды түрде көтеріліп, бюджеттен 126 млн теңге негізсіз төленген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала прокуратурасының талдауы барысында "Көкшетау қаласының көшелерін жарықтандыру" жобасында материалдар мен жабдықтар құнының экономикалық негіздемесі қамтамасыз етілмегені анықталды.
Атап айтқанда, шарт бойынша қуаттылығы 120 Вт болатын бір шамның бағасы 80 мың теңге деп белгіленген. Ал оның нарықтағы құны шамамен 52 мың теңгені құрайды.
Прокуратура мемлекеттік орган тарапынан бюджет қаражатын тиімді әрі негізді пайдалану талаптарының бұзылғанын анықтады. Соның салдарынан жоба құны 126 млн теңгеге негізсіз артқан.
Қадағалау шараларының нәтижесінде негізсіз төленген 126 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілді.
Бюджет қаражатын мақсатты әрі тиімді пайдалану мәселесі прокуратура органдарының ерекше бақылауында.