Көкшетауда 300-ден астам әкім бас қосты

897

Көкшетауда 300-ден астам әкім бас қосты

Көкшетауда "Барлық деңгейдегі әкімдердің өңірді дамытудағы рөлі" атты форум өтті. Оған аймақ басшысы Мәлік Мырзалин, облыстың барлық қалалары мен аудандарынан 300-ден астам жергілікті әкімдер қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

"Бүгінгі таңда әкімдерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұрын ауылдық округтердің әкімдері тағайындалып келген болса, бүгінде оларды тұрғындар өздері сайлап алады. Әкімдік қызметтің дәрежесінің биік екенін, онда халықтың үкілеген үміті, сенімі жатқанын осыдан-ақ көруге болады. Сондықтан да, біз үшін қарапайым халықтың мүддесі қашанда бірінші кезекте тұруға тиіс", - деп атап өтті әкімдер форумында сөз сөйлеген аймақ басшысы Мәлік Мырзалин.

Форум жұмысы одан әрі секцияларда жалғасты. Облыс әкімі орынбасарларының, облыс әкімі аппараты басшысының қатысуымен өткен секцияларда бірқатар басқарма басшылары өз салалары бойынша баяндамалар жасап, бюджеттің төртінші деңгейін жүзеге асыру үрдісінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық мәселелерін шешудегі қала, аудан, ауыл әкімдерінің рөлі жайында сөз қозғады.

Еске сала кетейік, елімізде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде бекітілгені мәлім. 2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енеді. Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді. Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Ақмола облысы бойынша 69 селолық округ осы бюджет саясатына енгізіліп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу