Көкшетау қаласының прокуратурасы атқарушылық іс жүргізу саласында азаматтардың, мемлекеттің және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 32 борышкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 60 млн теңгеден астам алимент өндірілді.
Сонымен қатар 20 кәсіпорын қызметкерінің еңбек құқықтары қорғалып, жалақы бойынша 20,2 млн теңге берешек толық өтелді.
Сот орындаушыларының жұмысында мәжбүрлеп орындату шараларын уақытылы қабылдамауға байланысты заң бұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты 19 сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура қабылдаған шаралар азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыруға ықпал етті.