Көкшетауда 630 төсектік заманауи көпсалалы аурухана бой көтереді

667

Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылмақ. 

Көкшетауда 630 төсектік заманауи көпсалалы аурухана бой көтереді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев құрылыстың мән-жайын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Биыл Қосшыда 100 келушіге арналған емхана және Қоянды ауылында 50 келушіге арналған алғашқы санитарлық көмек орталығының құрылыстары аяқталады. Сондай-ақ Атбасар ауданында екі медициналық мекеменің: Сочинское ауылында фельдшерлік пункт пен Новосельское ауылында ФАП құрылысын бастау жоспарлануда. 

"Бүкіл облысымыз үшін ауқымды жоба – Көкшетау қаласында халыққа кең ауқымды медициналық қызмет көрсететін 630 орындық заманауи көпсалалы аурухананың құрылысы. Бұл жоба Денсаулық сақтау министрлігі мен түріктің Renel Co LTD компаниясы арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылуда. Жобаның өңір үшін маңызы зор", – деді облыс әкімі. 

Жобаның сметалық құны 70 млрд теңгеден асады. Бүгінгі күні дайындық шаралары жүргізілуде, жоба салалық-экономикалық сараптамаға жіберілді. Оны жүзеге асыруға Көкшетау қаласының "Сарыарқа" шағын ауданынан 17 гектар жер бөлінді. Іске асыру мерзімі 2021-2024 жылдар. 

"Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жергілікті бизнес пен меценаттар тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын атап өткім келеді. Мәселен, облыс орталығындағы 500 келушіге арналған емханасы бар клиникалық-оңалту орталығы толығымен "Виамедис" ЖШС қаржысына салынды. Сол серіктес өз қаражатына Степногорск қаласының Бестөбе ауылында ауысымына 50 келушіге арналған отбасылық дәрігерлік амбулатория салды. Яғни біздің бизнестің осындай бастамалары тек қалаларда ғана емес, ауылдарда да жүзеге асырылатынын атап өткім келеді", – деп қосты Ермек Маржықпаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу