Көкшетауда есірткі таратқан күдіктіден 2,5 келіден астам зат тәркіленді

300

28 жастағы ер адам күніне 200-ге дейін орам дайындаған.

Көкшетауда есірткі таратқан күдіктіден 2,5 келіден астам зат тәркіленді Фото: Бейнежазбадан

Көкшетауда есірткі таратты деген күдікпен 28 жастағы ер адам ұсталды. Полицейлер одан 2,5 келіден астам есірткі мен психотроптық зат тәркіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақмола облысының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Петропавл қаласының тұрғынын анықтаған. Тергеу дерегіне сәйкес, ол тамыз айында есірткі тарату мақсатында Көкшетауға келіп, пәтер жалдаған. Кейін бұл пәтерді тыйым салынған заттарды сақтап, оларды бөліп өлшеу және орау үшін пайдаланған.

Дайын орамдарды қала аумағындағы жасырын орындарға қалдырып отырған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті күніне 100-ден 200-ге дейін орам дайындаған. Заңсыз әрекеті үшін ақыны криптовалюта түрінде алған.

Полиция мәліметінше, күдікті бастапқыда есірткіні жасырын орындарға жеткізумен айналысқан. Кейін ірі көлемдегі партияларды қабылдап, оларды өлшеп, орап, таратуға дайындаған. Ол бұған дейін Петропавлда заңсыз әрекеттермен айналысып, кейін Қостанай мен Көкшетауда да есірткі таратқан деген күдікке ілінді.

Тінту кезінде 320 грамм марихуана, 370,83 грамм гашиш майы, 787,07 грамм гашиш, сондай-ақ құрамында альфа-PVP психотроптық заты бар 141 пакет пен екі полиэтилен орамасы табылды. Соңғысының жалпы салмағы 1 келіден асады.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу