Көкшетауда жалғызбасты ананы көлігімен басып кеткен әйел 2 жыл 6 айға сотталды

1406

Жазаны өтеу 3 жылға кейінге қалдырылды.  

Көкшетауда жалғызбасты ананы көлігімен басып кеткен әйел 2 жыл 6 айға сотталды Фото: Бейнежазбадан

Көкшетауда жаяу жүргіншіні қағып кеткен әйел адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі).

Сотпен анықталғандай, 2026 жылдың мамырында азаматша С. көлік құралын басқаруға арнайы құқығы болмағанына қарамастан, Көкшетау қаласында автокөлік құралын басқарып, тұрғын үй ауласына бұрылу кезінде жаяу жүргінші Ш.-ны қағып кеткен. Нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіріліп, ол алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болған.

Айыпталушы әйел жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан, жұбайының денсаулығының күрт нашарлауына байланысты әрі оның рұқсатымен көлік тізгініне отырғанын түсіндірді. Көлік иесі тарапынан көлікті басқару құқығы жоқ адамға басқаруға рұқсат беру фактісі бойынша қылмыстық іс жеке өндіріске бөлінді.

Әйелдің кінәсі оның өз айыбын толық мойындауымен, куәлардың айғақтарымен, оқиға орнын қарау хаттамасымен, жол-көлік оқиғасының сызбасымен, сараптама қорытындыларымен және бейнежазбамен дәлелденді.

ҚК-нің 11-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сотталушы жасаған құқық бұзушылық онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.

Жәбірленуші тарап сотта С.-ға қатысты материалдық және моральдық сипаттағы талаптарының жоқ екенін, келтірілген залалдың толық өтелгенін және кешірім сұралғанын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Сот үкімімен әйел 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру тағайындалды. Екі кішкентай баласының болуына байланысты жазаны өтеу 3 жылға кейінге қалдырылды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу