Көкшетауда су құбыры жарылды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
"Көкшетау су арнасы" коммуналдық кәсіпорнының аға инспекторы Жанат Досмұхановтың айтуынша, су құбыры Ақан сері мен Кенесары көшелерінің қиылысар тұсында, яғни, Глинин көшесінің бойында орын алған.
"Жер асты су құбырынан шығып жатқан су көше бойымен сайға қарай ағуда. Абырой болғанда, тұрғын үйлерге су кірген жоқ. Қазіргі кезде, ақауды анықтап, жоюға "Көкшетау су арнасы" коммуналдық кәсіпорнының 50-ге жуық жұмысшысы және 20 арнайы техникасы тартылған. Әзірге су құбырының қай тұста жарылғаны анықталған жоқ", - деп түсіндірді Жанат Досмұханов.
Сонымен қатар оқиға орнында қала әкімі Ермек Маржықпаев та жетіп, апат салдарын жою шараларын бақылауға алды.