Көкшетауда мылтық асынған ер адам таксиге отырмақшы болды

839

Көкшетауда мылтық асынған ер адам таксимен дәмханаға барып, онда танысымен екеуара мәселені шешпекші болған. Қауіпті жолаушы туралы такси жүргізушісі бірден полицияға хабар берді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Көкшетауда мылтық асынған ер адам таксиге отырмақшы болды

Наурыздың 13-ші күні Көкшетау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері такси жүргізушісінің көмегімен қаскүнемді ізін суытпай ұстады.

"Ер адам мас жолаушыны мылтықпен дәмханаға жеткізуден бас тартты. Ол бірден қауіпті жолаушы туралы кезекші бөлімге хабарлады. Куәгердің айтуынша, қаскүнем телефон арқылы облыс орталығындағы ойын-сауық орындарының бірінде болған танысына қоқан-лоқы көрсеткен", - деді ведомстводан.

Күдікті Көкшетау қаласының бұрын сотты болған 45 жастағы тұрғыны екені анықталды. Одан "Сайгак" маркалы атыс қаруы тәркіленді. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 115 бабы "қауіп" бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Сонымен бірге, "Қамауда ұстау" процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды.

Тәртіп сақшылары атап өткендей, "Құқық тәртібі" жедел алдын алу шарасы аясында тыйым салынған заттарды заңсыз алып жүргені немесе сақтағаны үшін 60 адам ұсталды. Олардың бесеуі атыс қаруын заңсыз сатып алғаны және алып жүргені үшін, 48-і суық қаруды алып жүргені үшін сотталды.

Еске сала кетейік, қылмысқа қарсы күресті күшейту, қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында 12-18 наурыз аралығында Ақмола облысында "Құқық тәртібі" жедел алдын алу іс-шарасы өтуде.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу