Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласында некелесу күні әлдекімдер өлтіріп кеткен 22 жастағы Диас Сәкеновтың өліміне қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
12 қарашада жас жұбайлар некелесу күні Көкшетаудағы ойын-сауық орындарының бірінде жүргенінде күйеуін әлдекімдер өлтіріп кеткен. Мекеме басшысының айтуынша, оқиға кезінде ешкім әрекет етіп үлгере алмай қалған.
"Бейнебақылау камераларынан қарап шынымен, оқиғаның өте тез болғанын ұқтық. Бәрі 1,5 минутта болған. Жігіттер бірге әңгімелесіп, күліп-ойнап отырған. Тіпті сырттарынан қарап, бір-біріне қас деп те ойламайсың", – деді оқиға болған мекеме басшылығы.
Осы жайттан соң өңір әкімі барлық ойын-сауық мекемелеріне азаматтардың қауіпсіз демалуы үшін белгілі бір талаптар қойылатынын атап өтті. Бірінші кезекте – бұл бейнебақылау және лицензияланған күзеттің болуы. Енді қала бойынша мұндай талаптарға сай келмейтін мекемелер анықталып, олардың тізімі жасалады екен. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес талапты бұзғандарға әкімшілік немесе өзге де жазалар қолданылатын болады.
"Қылмыстық іс шеңберінде мекеме басшылығы тарапынан қандай олқылықтар болғанына құқықтық баға берілетін болады. Яғни, күзет қайда болды, неге құқық қорғау органдарына уақтылы хабарланбады және т.б.", – деді Ахметжанов.