Көкшетауда үйін су алғандардың шығындары өтеледі

827

Қала әкімдігіндегілер су тасқынынан материалдық зардап шеккендерге бір реттік қаржылай көмек көрсетілетінін атап өтті. 

Көкшетауда үйін су алғандардың шығындары өтеледі

Көкшетауда су тасқынынан зардап шеккендердің шығындары өтеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының мәліметі бойынша, қазіргі таңда өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу және зардаптарын жою жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар мен облыстық ТЖД бөлімшелерінің күштері және құралдарының  көмегімен елді мекендердегі тұрғын үйлер мен нысандарды судан қорғау бойынша кешенді шаралар қолға алынған.  

Көкшетау қаласында су басқан үйлердің жертөлелері мен аулалары судан сорғытылып жатыр. Қаланың коммуналдық қызметтері мен жастар ресурстық орталығының еріктілері тұрғын үй орамдарын абаттандыруда.

Қала әкімдігіндегілер су тасқынынан материалдық зардап шеккендерге бір реттік қаржылай көмек көрсетілетінін атап өтті. Табиғаттың тосын мінезінен келтірілген шығын көлемі есептелген соң өтемақы төленеді. Қала әкімі Амангелді Смайылов зардап шеккен отбасылармен кездесіп,  қиын сәтте көмек көрсетуге уәде етті.

Алдағы уақытта су басқан аумақтардағы жер телімдерін сатып алып, мемлекеттік бағдарлама бойынша көпқабатты тұрғын үй салу және жол тарту жоспарда бар.

Ақмола облысының ТЖД дерегі бойынша,  өңірдің Көкшетау, Степногорск қалалары мен Біржан сал, Ерейментау, Шортанды, Ақкөл, Бурабай, Бұланды, Егіндікөл аудандарында жағдай тұрақтанды.

"Целиноград, Астрахан, Зеренді, Аршалы және Атбасар аудандарында ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 4 мың текше метрден астам су сорғытылып, инерттік материалдар мен құм төселуде",– деп атап өтті журналистермен өткен брифингте Ақмола облыстық ТЖД бастығы Алексей Советов.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу