Көкшетауда жаяу жүргіншілер өткелінде әйелді көлік қағып кетті. Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізілді, деп жазады inbusiness.kz 716.kz порталына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, оқиға 19 қыркүйек күні болған. Көкшетау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне “Көктем” шағын ауданындағы жаяу жүргіншілер өткелінде көлік әйелді қағып кеткені туралы хабарлама келіп түсті.
Тәртіп сақшылары “Kia Rio” көлігінің 76 жастағы жүргізушісі Ғабдуллин көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, жаяу жүргіншілер өткелінде 30 жастағы әйелді қағып кеткенін анықтады. Зардап шеккен тұрғын қалалық ауруханаға желке аймағының, кеуде қуысының жарақаты диагнозымен жеткізілді.
Бұл факт бойынша полицейлер ҚР ҚК 345-бабы бойынша “Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы” бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.