Көксу қант зауытының өңдеу қуаты тәулігіне 3 мың тоннаға дейін артады

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.      

Көксу қант зауытының өңдеу қуаты тәулігіне 3 мың тоннаға дейін артады Фото: gov.kz

Қазақстанда қант қызылшасын жинау науқанына және одан кейінгі өңдеу маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осы саладағы белгілі кәсіпорындардың бірі – Көксу қант зауытында жаңа өнімді қабылдауға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын.

Қазіргі уақытта кәсіпорынның өңдеу қуаты – тәулігіне 2 мың тонна. Жаңғырту жұмыстарының арқасында бұл көрсеткіш осы жылдың қазан айында тәулігіне 3 мың тоннаға дейін ұлғайтылады деп жоспарлануда.

– Қыркүйек айының соңында кәсіпорында жаңадан орнатылған диффузиялық жабдықты монтаждау жұмыстары аяқталады.

Сонымен қатар, өндірістік зертхананы жаңа құрал-жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Қант қызылшасының қоспалылығын және қанттылығын анықтауға арналған жаңа құрылғы қойылды.

Шикізат қабылдау үшін кәсіпорын аумағында бес БУМ машинасы әзір тұр. Дайындық жұмыстарының бекітілген кестеге сәйкес, сапалы қолға алынып жатқаны жаңа өнімді уақтылы қабылдап, өңдеу кезеңінде кәсіпорынның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудің кепілі, – делінген ресми хабарламада.

Ауыл шаруашылығы министрлігі зауыттарды қант қызылшасын өңдеу маусымына дайындау жұмыстарын үйлестіруді жан-жақты қолға алуда. Қазан айында Тараз қант зауытында тәулігіне 3 мың тонна өнім өңдейтін желі орнату жұмыстары аяқталады.

Жаза кетейік, биыл қант қызылшасы 23,8 мың гектар алқапқа егілген. Негізгі егіс алқаптары Жамбыл облысы мен Жетісу облысында шоғырланған. Бұл шараларды іске асыру өндіріс көлемін ұлғайтуға және отандық өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуатын тиімді пайдалануға бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу