Көктемде іске қосылатын “9-20-25” бағдарламасы “7-20-25”-тің кебін кимей ме?

702

Жастарға арналған жаңа бағдарламаны күтіп жүрген қазақстандықтардың саны аз емес.  

Көктемде іске қосылатын “9-20-25” бағдарламасы “7-20-25”-тің кебін кимей ме? Фото: www.parlam.kz

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев “Qasqa Jol” Youtube арнасына берген сұхбатында “9-20-25” бағдарламасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

“Оған енді ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені барлығы сұранысқа байланысты. Өзіңіз білесіз, қазір нарық тұралап қалды. Кейбір құрылыс компаниясы жеңілдік беріп жатыр. Бұрын бес жыл бөліп төлеу деген болмайтын. 2017-2018 жылдары баспана таппай қиналып, пәтерден пәтерге жүрген кезде ондай бөліп төлеу деген жоқ еді. Қазірдің өзінде кейбір құрылыс компаниясы  5 жылға дейін бөліп төлеу жасап қойған. Ол нені білдіреді? Яғни қазір сұраныстың аздығы. Сұраныс арта ма, баға да артады. Одан кейін нарықта құрылыс компаниялары көбеюі мүмкін. Сондықтан мұнда (ред. - “9-20-25” бағдарламасында) 150 млрд теңге бір жылға бөлінгелі отыр. Аздық етеді, бірақ жоқтан бар. Қателеспесем бұл 8 мыңнан астам жастардың үй алуына мүмкіндік жасайды”, - деді Дәулет Мұқаев.

Депутат іске қосылатын жаңа бағдарламаның болашағына қатысты пікір білдірді.

“Бұл жерде де ажиотаж болуы мүмкін. Бұрын “Баспанаға бағыт” деп айтып жүрген кезде елге “7-20-25”-пен үй алыңызшы деп жалынғандай болатынмын. Өйткені ол кезде кім табыс көзін растайды - алды, лимит жоқ еді. Мұнда айтатын мәселе лимит боп тұр ғой. Өзімнің депутаттық сауалымда да “7-20-25”-тің лимитін алайық, одан да бағдарламаны 2029 жылға дейін сағыз сияқты созбай, 2026, 2025-ке дейін ғана болсын. Аламын деген адамдар алып қалсын, кейін басқа бір бағдарлама жасайсыңдар” деген сияқты ұсыныстар айттық. Бірақ Ұлттық Банк өзінің айтқанынан қайтқысы келмейді. Болды осылай қалады деп биылға да 100 млрд бөлді. Ал енді мынау “Отбасы банкке” бөлінетін 150 млрд-пен әрине басында бәрібір де сондай ажиотаж болады. Тіпті мынау әйелдерге арналған “Ұмай” ипотекасының өзі солай лимиттері 5-10 минутта бітіп қалды. Өйткені олар қосымша ақшаны қателеспесем Азия даму банкінен алды. Сондықтан бәрібір де адам дайын жүру керек. Мүмкіндікті пайдалану керек”, - деді мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу