Сырдария және Талас өзендерінің бассейндерінде су мөлшері көпжылдық нормадан төмен болады деп күтілуде. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өткен жылдан бастап Су ресурстары және ирригация министрлігі алты айға дейінгі мерзімге болжам жасауға мүмкіндік беретін Talsim-NG гидрологиялық моделін бейімдеу жұмыстарын жүргізуде. Гидрологиялық модельдің есептеулеріне сәйкес, Сырдария және Талас өзендерінің бассейндерінде су мөлшері көпжылдық нормадан төмен болады деп күтілуде. Сырдария өзенінің жекелеген бүйірлік салаларының учаскелерінде, сондай-ақ Шу өзенінің бассейнінде ғана су мөлшері норма шегінде болжанып отыр", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Оның айтуынша, Іле өзенінің бассейнінде су ағыны норма шегінде күтіледі, ал жекелеген салалардың учаскелерінде су мөлшері көпжылдық нормадан жоғары болады деген болжам бар.
"Биыл су шаруашылығы жағдайы 2025 жылғы құрғақшылықтың салдарының әсерінен қалыптасып отыр. Қазіргі уақытта модель деректері бойынша Сырдария, Шу, Талас және Іле өзендерінің бассейндерінде су ағыны қалыптасатын аймақта ылғал қоры біркелкі бөлінбеген. Негізгі ылғал қоры орта таулы аймақта қалыптасқан, ал биік таулы аймақта оның көлемі көпжылдық нормадан төмен. Көктемнің басында ауа температурасының жоғары болуы және жауын-шашынның басым түсуі жағдайында су көлемі артады деп күтілуде, ал жазғы кезеңде өзендерінің ағыны нормадан төмен болуы ықтимал", – деді ведомство басшысы.
Нұржан Нұржігітов 2026 жылғы вегетациялық кезең оңтүстік өңірлерде, әсіресе Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндерінде тәуекелдермен өтуі мүмкін екенін айтты.
"Атап айтқанда, Тоқтоғұл су қоймасының көлемі 7610 млн текше метр құрайды, бұл өткен жылдың деңгейінен 1,5 миллиард текше метрге төмен. Энергия тапшылығы жағдайында су қоймасы күшейтілген режимде босатылуда. Осыған байланысты вегетация басында Тоқтоғұл су қоймасы жинақтау режиміне көшіріледі деп болжануда, тиісінше бұл Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының қажеттіліктері үшін мемлекетаралық "Достық" каналы арқылы су жеткізуге кері әсерін тигізуі мүмкін", – деп атап өтті министр.