Көктемгі дала жұмыстарын уақтылы жүргізу маңызды – Президент

1253

Мемлекеттік бюджеттен 70 млрд теңге бөлінеді.  

Көктемгі дала жұмыстарын уақтылы жүргізу маңызды – Президент

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналардың эфирінен Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде Үкіметке ауыл шаруашылығы саласын ерекше бақылауда ұстауды  тапсырды.

"Көктемдегі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізу аса маңызды. Мемлекеттік бюджеттен 70 млрд теңге бөлінеді. Ол шаруаларға "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы беріледі. Мөлшерлеме 5%-дан аспайды.  Бұл мақсатта "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында қосымша 100 млрд теңге қарастыруды тапсырамын. Мөлшерлеме барлық салалар бойынша теңестіріліп, 6%-ды құрайды", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта шаруа қожалықтарын қолдау керектігін айтты.  

"Үкіметке ауыл шаруашылығы өнімін шығаратындар үшін дизель отынының бағасын литріне 165 теңгеге немесе нарықтық құнынан 15%-ға төмендету туралы тапсырма беремін. Ол үшін жеңілдетілген бағамен шамамен 390 мың тонна дизель отыны бөлінеді. Ескерте кететіні төмендетілген бағамен берілетін жанармай – тұтынушыларға, яғни, шаруаларға жетуі тиіс. Жанармай бөлетін "операторлар" жұмысы айқын болуы шарт. Үкімет пен Бас прокуратура өңірлерді қадағалауы тиіс", – деді президент.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев шаруаларға ХҚКО-да құжат рәсімдеу сынды мәселелер кедергі болмау үшін жағдайды Үкіметтің бақылауына алуды тапсырды.

"Карантин кезінде қиындай түсетін бірқатар мәселе бар. Ол ХҚКО-да кепілді меншікті рәсімдеу, нотариустың растауы, қосымша бөлшектер алу және тағы басқа. Сондықтан көктемдегі суару жұмыстары Үкімет пен әкімдіктердің ерекше бақылауында болуы тиіс. Азық-түлік қауіпсіздігіне келгенде әр күн аса маңызды", – деді президент.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу