Биыл көктемде ел бойынша 46 үйді су алған. ТЖМ бөлімшелері жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп елді мекендерге жайылған қар суын сорып, салдарымен күресіп жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы.
Ресми мәлімдеме бойынша, республика аумағының шамамен 10%-да қар әлі еріп үлгермеген. Яғни Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Қостанай облысының кей аумағында, Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының таулы аймақтарында әлі де сел қаупі бар деген сөз. Бұл туралы ҚР Төтенше жағлайлар министрі Юрий Ильин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Министрдің айтуынша, жағдайдың жыл сайын қайталануының негізгі себебі – елді мекендер аумағындағы қардың уақтылы шығарылмауы.
"Біздің бөлімшелер жергілікті атқарушы органдардың қателіктерімен күресуге мәжбүр. Оларға қарды ауылдан аулаққа шығару қыс бойы атқарылатын жұмыс екенін айтып келеміз. Тұрғындар өз ауласын тазаласа, әкімдік жолдар мен ауыл шекарасындағы басқа аумақтарда қардың жиналмауын қадағалауы керек. Бұл жұмыстарға ақшаның аз бөлінетіні өзекті мәселенің бірі болып тұр", – деді ол.
Министрлік осы маусымда еріген судан зардап шеккен өңірлердегі жағдайдың сараптамасын премьер министрге өткізіп, әкімдерге келесі көктемдерде ауылдарды су басуды болдырмау үшін қосымша қаржы қарастыруды тапсырмақ. Одан бөлек биыл төтенше жағдай қызметкерлері көктемгі су тасқынының алдын алу үшін арық жүйелерін тазалап, өзен-көлдің бетіндегі мұзды балталауға мәжбүр болған. Спикердің айтуынша, бұл жұмыстар министрліктің міндетіне кірмейді.
"Су өткізу құрылыстарын, соның ішінде көпірлердің астын көктемгі еріген судың өтуіне дайындау сол аумақтағы жолды пайдалану басқармаларының міндеті. Біздің бөлімшелер жанталасып арық жүйелерін тазалап, осындай оқыс жағдайларда біреудің қателігін түзейтін органға айналмауы керек. Керісінше, жергілікті атқарушы органдар бұл жұмыстарды істеуге конкурстан көлемді қаржы ұтып алған мердігерлер мен жауапты мекемелерден міндеттерін дұрыс атқаруын талап етуге тиіс. Сондықтан, жағдайды сараптап, тиісті деректерді жолдайтын боламыз", – деп ашынды министр.