Қоқыс "қымбаттай" ма?

706

Ақтөбенің тазалыққа жауапты мердігер компаниялары тарифті өсіруді сұрап отыр.

Қоқыс "қымбаттай" ма?

Өйткені,  қазіргі төлем техниканың бөлектері мен жанар-жағармайынан ауыспайды екен. Ақтөбеде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен үш компания айналысады. Шаһарда 600 мың тұрғын болса, соның  40 пайызы  қоқыс үшін коммуналдық төлемді төлемейді екен. 

"Біз осы салада 2013 жылдан бері еңбек етіп келеміз. 46 мың абонентіміз бар. Солардың 60 пайызы ай сайын төлемді уақытылы төлесе, қалған 40 %-і жалтарып жүр. Мүлдем төлемейді. Ал біздің "Таза Қарғалы" мекемесінің 11 арнайы техникасы бар. Оның арасында ескіргені бар. Әр адамнан 200 теңгелеп жинап алған сома оны жаңалауға жетпейді, шыны керек. Жанар-жағармай мен сынған тетіктеріне жұмсаймыз, одан бөлек жүргізушілер мен жұмысшылардың жалақысы бар. Сондықтан, қалалық әкімдікке тарифті 418 теңгеге өсіру туралы ұсыныс айттық. Біз жеке кәсіпкер болғаннан кейін көрсеткен қызметіміз мемлекет тарапынан субсидияланбайды. Бар үмітіміз – осы тариф, - дейді, тазалық мекемесінің өкілі Мейрамгүл Жетібаева.

Тарифті қымбаттатуға келгенде тұрғындардың пікірі екіге жарылды.  Біреулері осы бағада қалғаны дұрыс, әйтпесе қалта көтермейді десе, екіншілері бағаны өсірсе, соған сай сапалы қызмет көрсетсін деді.

"Біздің аулада көпқабатты алты үйге 7-ақ контейнер тұр. Өте аз. Сосын қоқысты алуға келгеннен кейін жан-жағын тазартпайды. Осыны қадағаласа деймін. Әйтпесе, бағаны өсіріп, бәз-баяғыдай болса, оның пайдасы шамалы. Мысалы, біздің отбасымызда 7 адам. Әрқайсысы үшін 400 теңгеден төлеу мен сияқты зейнеткерге, әрине, оңай емес. Сондықтан, тариф өсті ма, қоқыс болмау керек! Тазалық болуы керек! Тазалық үшін адамдар төлейді деп ойлаймын,- деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Сара Қаржауқызы.

Қазір Ақтөбеде қоқыс шығарғаны үшін жеке тұрғын үйдегілер адам басына ай сайын 200, ал көпқабатты үйдің тұрғындары  180 теңгеден төлеп отыр. Бағаны өсіру-өсірмеу мәселесі қоғамдық тыңдау кезінде талқыланатын болады. Қалалық әкімдіктегілердің айтуынша, қоқыс шығару үшін республика бойынша Ақтөбеде ең төменгі тариф белгіленген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу