Қоқыс өңдейтін зауыттарға "жасыл тариф" қолдану қажет

1612

Қалдықтан электр қуатын өндіруге болады.  

Қоқыс өңдейтін зауыттарға "жасыл тариф" қолдану қажет

Жел және күн энергиясы жобаларына инвестор тарту қажет. Үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осылай деді.

Оның айтуынша, ең әуелі инвестициялық зерттеу жүргізу қажет. Нәтижелерді әлеуетті инвесторларға көрсету керек.

"Осы жұмыстар бойынша экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қолдау көрсетуге әзір", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Бұдан кейін министр тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату үшін қандай мәселені шешу қажет екенін айтты.

"Тұрмыстық қатты қалдықтардан электр қуатын өндіру үшін инвестиция тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Алдын ала жасалған зерттеу бойынша, 1,5 млн тоннадан астам қалдықты іске асыруға болады. Бұл бастаманың алға басуына инвестициялық тартымдылықтың тапшылығы кедергі келтіріп тұр", – деді министр.

Сөз арасында ол мәселені қалай шешуге болатынын да баяндады.

"Қоқыс өңдейтін зауыттардан өндірілетін электр энергиясына жаңартылатын энергия көздерінің жасыл тарифін қолдануды ұсынамыз. Бұл шара полигондарда қоқыстарды көму көлемін төмендетуге мүмкіндік береді. Жасыл тарифті енгізсек, біз жыл сайын 1,5 млн тоннадан астам қалдықты кәдеге жарата аламыз. 1 млн тонна қалдық сиятын полигон 7,5 гектар жерді немесе 15 футбол алаңын алады", – деді министр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу