Алматыда қоқыс таситын көлік жүргізушісі блок-бекеттен жолаушы алып өтпек болған, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Түнгі сағат 2:00 шамасында Ақын Сара мен Ақсай көшелерінің қиылысында орналасқан №7 бақылау-өткізу бекетінде 1994 жылы туған Л.есімді азаматтың басқаруымен қоқыс таситын көлік құралы тексерілді. Кейін анықталғандай көліктің ішінде жолаушы ретінде Алматы облысының 19 жастағы тұрғыны отырғандығы белгілі болды. Жүргізуші мұны ақшалай сыйақы үшін жасады. Алайда оның әрекеті сәтсіз аяқталды. Қазіргі уақытта жүргізушіге де, оның жолаушысына да қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 476-бабы бойынша іс қозғалды. Азаматтарға тағы да төтенше жағдай ережелерін қатаң сақтауды ескерту қажет. Бұл нормаларды елемегендерге кем дегенде 10 АЕК мөлшерінде айыппұл, ең көбі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады", – деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ұлан Әбілқайыр.