Қоқысқа тасталған 5 келі күміс бұйымдар табылды

1332

Қоқысқа тасталған 5 келі күміс бұйымдар табылды

Астанада зергерлік дүкеннің күзетшісі байқамай қоқысқа тастаған 5 келі күміс бұйымдар табылды, деп хабарлайды elorda.info.

"Шынымды айтсам, бұл оқиғаның осылай аяқталғанына қуаныштымын. Оқиға былай болды: екі күн бұрын маған бір ер адам қоңырау шалып, осы  аумақта (7 Континент) тұрған адам туралы хабарлады. Шамалап мекенжайын айтты. "Мәскеу" үй кешенінің маңында өз үйі бар деді. Ауызша сипаттап берді: орта бойлы, сақалды ер адам. Бүгін жұмыста отырып жарты сағат бұрын далаға шықтым. Қарасам, әлгі сипаттап берген адам келе жатыр. Екі күн бұрынғы қоңырау есіме түсті. Қасына барып сөйлестім", – дейді күзетші.

Оның айтуынша, құны 2,5 млн теңгенің бұйымдарын тауып алған адам мылқау екен.

"Зергерлік бұйымдардың сонда екенін түсіндім. Ол ертең алып келемін деді. Мен бірден үйіне баруды ұсындым. Өзі мылқау, сөйлей алмайды. Қағазға мекен-жайын жазып берді. Біз үйіне барып, бұйымдарды алдық. Сыйақы ретінде 100 мың теңге бердік. Бұйымның барлығы орнында, біреуіне де тиіспепті", – деді Жандос Әмірханов.

Бұған қоса ол екі күн бұрын телефон арқылы күміс бұйымдарды тауып алған азамат туралы ақпарат берген ер азаматқа сыйлық жасамақ ниетте.

"Екі күн бұрын телефон шалып ақпарат берген азаматтың аты – Бекзат. Менде оның нөмірі сақтаулы. Ақшалай сыйлық жасап, алғысымды білдіргім келеді", – деді күзетші. 

Сондай-ақ жігіт енді қоқыс шығармас бұрын тексеріп отыратынын айтты.  "Қоқыс шығаруға қорқатын болдым", – деді ол сөз соңында.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада зергерлік дүкеннің күзетшісі байқамай 5 келі күміс әшекейді қоқысқа тастағаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу