"Қоқысқа тастауға тура келеді": Павлодарлық шаруалар сәбіз экспортына шектеу қоймауды сұрайды

Өңірде өнімнің мол көлемі сатылмай қалуы мүмкін.

"Қоқысқа тастауға тура келеді": Павлодарлық шаруалар сәбіз экспортына шектеу қоймауды сұрайды Фото: economist.kg

Павлодар облысының шаруалары жылдағы дәстүр бойынша көктемде сәбіз тұқымын сеуіп, күзде мол өнім жинады. Алайда көкөністің бұл түрін сата алмай қиналуы әбден мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әділ Исиннің айтуынша, өткен жылы 5 мың гектар аумаққа сәбіз салынып, одан 165 мың тонна өнім алынды. Бұл – облыс тұтынушыларының сұранысынан 12-13 есе көп. Сондықтан шаруалар артылған өнімді сыртқа сатуға ден қояды. Айталық, былтыр 9 мың тонна жуық көкөніс Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортталды. Жыл басынан бері Ресейге тағы 300 тонна сәбіз жеткізілді. 

Алайда бұған дейін құзырлы министрлік өкілдері 15 сәуірден бастап сәбіз экспортына шектеу қойылуы мүмкін екенін ескерткен еді. Мұндай бастамаға жергілікті кәсіпкерлер наразылық танытып отыр. Басқарма басшысы Әділ Исиннің сөзінше, шаруалардың сәбізді ұзақ мерзім сақтайтын мүмкіндігі де жоқ. 

"Бүгінде облыс аумағындағы көкөніс қоймаларында 64 мың тонна сәбіз бар. Оның ішінде 30,2 мың тоннасы тоңазытқышы жоқ қоймаларда сақтаулы. Сондықтан ақпан айының соңы мен наурыз айының басында, яғни күн жылынған тұста бұл өнім бұзылып кетуі мүмкін", – деді ол. 

"Черноярский 2016" ӘКК төрағасы Николай Надедов өнімді жинау кезінде де қиындықтар болғанын алға тартты. 

"Жиын-терім кезінде қар түсіп, қиындыққа тап болдық. Одан соң аяз болды. Енді, міне, 15 сәуірден бастап Ресейге өнім экспорттауға шектеу қойылады деген хабар жетті. Бұған жол беруге болмайды. Ресейдің көршілес Омбы, Новосібір, Барнауыл облыстары біздің сәбізді сатып алуға әзір. Павлодарлық шаруалар өнімдерін сыртқа сатып, түскен табыстан несиелерін өтей алар еді. Ал шекара жабылатын болса, олар шығынға батады. Тіпті, бір айдан соң сәбізді қоқысқа тастауға тура келеді. Бұған жол беруге болмайды", деді Николай Надедов. 

Аталмыш мәселеге өңірге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов араласты. Көкөніс өсірушілермен кездескен ол өкінішке қарай елімізде түрлі уақытта отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға қатысты мәселелер туындап жататынын алға тартты. 

"Біз қазақстандық өнімді неғұрлым көп экспорттау үшін күресіп келеміз. Сауда қызметі туралы заңда құзырлы орган, біздің жағдайымызда бұл Сауда және интеграция министрлігі, елде өнімнің тапшылығы немесе азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнген кезде ғана шектеу нормаларын енгізуді ұсына алады деп анық көрсетілген. Мемлекеттік органдар осыған сүйеніп шектеулер қойып жатады. Біз қазір Парламентте бұл норманы қисынды түрде, салалық аграрлық комитеттің мақұлдауымен ғана қолдану бойынша ұсыныс енгізіп жатырмыз. Біз шаруаларды қолдаймыз", деді Мәжіліс депутаты. 

Ал Павлодар облысының әкімдігі жергілікті шаруалардың тауарларын сыртқа экспорттауға шектеу қоймау керек екенін алға тартып, Премьер-министр орынбасары мен Сауда және интеграция министріне ресми хат жолдады. 

Айта кетейік, былтыр көктемде де павлодарлық шаруалар өнімін өткізе алмай, тығырыққа тап болған еді. Сол кезде жергілікті нарыққа ресейлік сәбіз келіп, елдің оңтүстік өңірлеріне павлодарлық сәбіздің орнына Ресейдің Волгоград өңірінен жеткізілген көкөніс жөнелтілген еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу