Қайғылы жағдай 11 ақпан күні сағат 14: 50-де орын алған, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
"Алматы қаласы 109 құтқару қызметінің жедел кезекші пультіне куәгерлерден Алатау ауданындағы "Кенжехан" базарының артында орналасқан бұрынғы қоқыс полигонында 1972 жылы туған ер азаматты тұрмыстық қалдық үйіндісі басып қалды деген хабарлама түсті. Белгісіз ер адам өз еркімен жеке аумақтың қоршауынан өтіп, металл сынықтарын жинау, іздеу үшін шұңқыр қазған. Нәтижесінде қатты тұрмыстық қоқыс үйіндісі опырылып құлаған. Оқиға орнына жедел 109 қызметінің құтқарушылары жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында мәйітті қаланың Құтқару қызметінің қызметкерлері шығарып алып, жедел медицина қызметі және полиция департаментіне тапсырды. Азаматтың күнделікті кәсібі-металл сынықтарын жинау болғаны анықталған. Оқиға орнында құтқару қызметінің, ТЖД, ПД , ЖМК-нің 20-дан астам қызметкері, 10 бірлік техника жұмылдырылды", – деп жазылған хабарламада.