Қоқысты қаланың сыртына төге салу жаман үрдіске айналған - Берік Әбдіғалиұлы

496

Ұлытау облысында санкцияланбаған қоқыс орындарының 60-ы тазартылды.

Қоқысты қаланың сыртына төге салу жаман үрдіске айналған - Берік Әбдіғалиұлы Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы өңір әкімі Берік Әбдіғалиұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Облыста қатты тұрмыстық зат полигондары санитариялық нормаға сәйкес емес. Ғарыштық мониторинг көмегімен өңірдегі белгіленбеген жерлерде 200-ден астам қоқыс полигоны анықталған. 

"Өкінішке қарай, санкцияланбаған полигон Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының төңірегінде өте көп. Ғарыштық мониторинг арқылы анықталып, биыл тікелей бюджеттен 272 млн теңге қаражат бөлдік. Қазір 3  мердігер анықталған, жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қолдағы бар ақпарат бойынша полигондардың 60-ы тазартылды, қалған жұмыстар жүріп жатыр", - деді ол тілшілердің сауалына берген жауабында.

Аймақ басшысының сөзінше, халықтың қоқысты полигонға апармай, қаланың сыртына төге салуы жаман үрдіске айналған.

"Қазір бұл бағытта жауапкершілікке тарту, полициямен бірлесіп айыппұл салу, БАҚ арқылы ақпараттық насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек қоқысты жолға төге салу жағдайлары да жиі кездеседі. Бұл қалада ғана емес, ауылдардың шетінде де байқалады", - деп түсіндірді Берік Әбдіғалиұлы.

Айта кету керек, осыған дейін Ұлытау облысында тауық етін өндіретін зауыт іске қосылатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу