Атырау облысы Қызылқоға ауданында туған баласынан қорлық көрген әке басынан өткен оқиға туралы айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналист Жұлдыз Қайратқызының әлеуметтік желідегі парақшасында қарияның сұхбаты жарияланды. Белгілі болғандай, қарияның кенже ұлы әкесін аяусыз ұрып, қолы мен аяғын скотчтап, үйде қамап тастаған. Тіпті тәулік бойы тамақ бермей, аш ұстағаны да айтылды.
"Түнге қарай маңдайымнан өлтіріп тұрып ұрды. Сосын тағы да келіп екі сағат сайын ұрады. Шыға алмасын деп есіктің тұтқаларын алып тастады. Түнде дәретханаға бармақ болған кезімде, "барма" деп айқайлады. Дәретхананың жанында ине-жіп тұратын еді. Соның ішінде қайшы болатын", – деді ұлынан қорлық көрген қария.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, қарт адам қайшы тауып алып, түнде үйдің терезесі арқылы далаға қашып шыққан. Ол туысының үйіне барып, көмек сұраған.
Редакция тілшісі Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгініп, оқиғаға қатысты ресми ақпарат сұрады.
"19 маусым күні "Ұрып-соғу" бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды", – делінген хабарламада.