Қолданыста болған хостелдер мен қонақ үйлер жатақханаларға айналады – Саясат Нұрбек

460

Еліміз бойынша жатақханадағы орын тапшылығы 17 мың төсек орынды құрап отыр. 

Қолданыста болған хостелдер мен қонақ үйлер жатақханаларға айналады – Саясат Нұрбек  Фото: inbusiness.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Премьер-Министр Әлихан Смайылов ведомство басшысынан студенттерді, оның ішінде, педагогикалық мамандыққа оқып жатқан студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады.

"Қазіргі таңда, 17 мың төсек-орын тапшылығы бар. Соңғы жылда үш үлкен бағытпен жұмыс істедік. Біріншісі – субсидиялар арқылы жаңа жатақханаларды құрылысқа енгізу. Субсидиялық нормативтер 2 есе ұлғайтылды. Нәтижесінде биылдың өзінде 43 жатақхана салынып жатыр. Оның 33-і толыққанды енгізілді. Студенттеріміз онда тұрып жатыр. Қалған 10-ы осы бір айдың ішінде толыққанды енгізіледі. Құжаттарды рәсімдеу пысықталып жатыр. Биыл 10367 төсек-орынды қамтамасыз етеміз", – деді министр Үкімет отырысында.

Саясат Нұрбектің дерегінше, 1 қыркүйектен бастап нормативтік-құқықтық талаптар күшейіп, заңға тиісті өзгерістер енгізілген.

"Енді жоғары оқу орындары осы оқу жылының қыркүйегінен бастап студенттердің кемінде 70 пайызын жатақханамен қамтамасыз етуі керек. Бірінші жыл қабылданғанда 100% қамтамасыз етілуі тиіс. Соңғы бағытқа келсек, қолданыста болған бизнес орталықтары, хостелдер, қонақ үйлерді реконструкциялау бойынша нормативтік субсидиялар да ұлғайтылып отыр. Бұл да Үкіметтен сол объектілерді жатақханаларға айналдыруда үлкен көмек болады", – деді ол.

Қауіпсіздік стандарттарын күшейту – ең үлкен талаптың бірі, деп жалғастырды спикер.

"Министрліктің арнайы бұйрығы әзірленді. 15 нақты талап айқындалды. Төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау министрліктерімен келісіп, енді кез келген жаңадан құрылған немесе реконструкциядан өтетін хостел, жатақхана, қонақ үй болсын, осы талаптарға сәйкес болуы керек. 17 мың төсек-орын тапшылығы 1-2 жылдың ішінде толыққанды жабылады деген жоспарымыз бар", – деп толықтырды Ғылым және жоғары білім министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу