Қолданыстағы газ қорларына үлкен жүктеме бар – депутат

157

Ішкі газ тұтыну көлемі 21,6 млрд текше метрге жеткен. 

Қолданыстағы газ қорларына үлкен жүктеме бар – депутат Фото: parlam.kz

Мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов заң жобасы бойынша мәселе көтерді. 

"Заң жобасы бойынша газбен жабдықтау және тауарлық газды ұқыпты тұтыну мәселелерін шешуге бағытталған. Баяндамашы айтқандай, ішкі газ тұтыну көлемі 21,6 млрд текше метрге жеткенін және оның одан әрі өсіп отырғанын атап өтті. Өңірлерді белсенді газдандыру жағдайында газдандыру деңгейі қазір 64,2 пайызға жетті. Соның нәтижесінде қолданыстағы газ қорларына үлкен жүктеме бар. Болжамды бағалаулар бойынша 2028 жылға қарай газ тапшылығының қалыптасу қаупінің бар екенін көрсетіп отыр. Егер нақты шешімдер қабылданбаса, ертең бұл мәселе әлеуметтік және экономикалық салдарға ұласуы мүмкін. Осыған байланысты екі сұрағым бар. Біріншіден, болжамды газ тапшылығы болған кезде газдың ресурстық базасын ұлғайту қандай жолдармен жоспарланып отыр? Екіншіден, өңірлерді газбен қамтамасыз ету үшін геологиялық барлау бойынша қандай жұмыстар атқарылады?", – деп сұрады мәжілісмен.

Бұл сауалға Энергетика министрінің орынбасары Қайырхан Тұтқышбаев жауап берді.

"Қазіргі таңда QazaqGaz-да ресурстық база 14 нысан бойынша барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл болжамды 14 нысан бойынша 515 млрд текше метр газды құрайды. Бұдан бөлек біз қазір геология комитетімен бірлесе QazaqGaz портфелін 30 нысанға дейін көтеру бойынша жоспары бар. Яғни, бұл үлкен газ әлеуеті бар объектілер. Бұған қоса министрлік өз тарапынан биыл 50-ге жуық объектіні аукционға шығаратын болады. Бұл газдың болжамды қорлары бар учаскелер және газ саласына инвестициялар тартуға үлкен септігін тигізеді. Бізде газ өңдеу, газ өндіру зауыттары салынып жатыр. Біреуі 2026 жылдың соңына дейін Қашаған кен орнында пайдалануға беріледі. Келесі жылы Жаңаөзенде газ өңдеу зауыты жөндеуден өтеді. Осылайша ресурстық база ұлғаяды", – деді вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу