"Қолдары мен аяқтарында арқан іздері бар": Жаркентте қаза тапқан офицердің ағасы не көргенін айтты

1967

Жетісу обылысындағы 74261 әскери бөлімінде қайтыс болған капитан Дархан Нұрланұлы жер қойнына тапсырылды.

"Қолдары мен аяқтарында арқан іздері бар": Жаркентте қаза тапқан офицердің ағасы не көргенін айтты Фото: Марқұмның жеке мұрағатынан

Қызмет орнында көз жұмған әскеридің өлімін туыстары қасақана жасалған іс деп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жерлеу рәсіміне барған Құрлық әскері қолбасшысының орынбасары қылмыстық іске қатысты 4 адамның ұсталғанын мәлімдеді.

Марқұмның туыстарының айтуынша, Дархан 13 қараша күні түнгі кезекшілікке кетіп, түнгі 1-лер шамасында көз жұмған. Ал әскерилер офицердің өлімі туралы туыстарына таңғы сағат 7-де ғана хабарлапты. Марқұмды жуындырған ағасы оның қатты соққыға жығылғанын, қолдары мен аяқтарында арқан іздері, бас сүйегінде сызат барын айтады.

"Істі тергеп жатқан құзырлы органдардан ең бірінші талап ететініміз – әділдік. Бауырымның, Дарханның өліміне қатысы бар адамдар заң алдында жауап беруін сұраймыз және талап етеміз. Бүгін жерлеуге жоғары шенді генералдар мен депутаттар қатысты. Олар кешірім сұрады. Генерал бұл істі әділ тергеп, оған қатысы барларды жазалайтынына уәде берді. Бірақ қандай бап бойынша іс қозғалып жатқанын білмейміз", – дейді марқұмның бауыры Ермек Мұсаұлы Kazinform басылымына берген сұхбатында.

Бұған дейін құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі офицердің диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс оқу-жаттығу кезінде алған жарақатынан қайтыс болғанын хабарлаған еді. Алайда марқұмның жақындары мұнымен келіспейді. Олар ұлдарының жаттығу кезінде қайтыс болғанына күмәнмен қарайды.

"Оқиға дерегі бойынша қорғаныс министрінің бұйрығымен әскери бөлімге комиссия жіберілді. Іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі тергеу жүргізіп жатыр. Оқиға әскери бөлімнің ішінде болған. 4 күдікті ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұл күні жеке жоспар бойынша жаттығулар болғанын растаймын. Бауырымызды ақтық сапарға шығарып салдық. Ата-анасы мен жақын туыстарына қорғаныс министрі мен барлық құрлық әскерлерінің атынан көңіл айтамыз", – деді Құрлық әскері қолбасшысының орынбасары, полковник Арынғали Ақышев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу