Көлгінов елордада қанша адам тұрып жатқанын айтты

995

Нұр-Сұлтанда жыл сайын халықтың саны өсіп жатыр.

Көлгінов елордада қанша адам тұрып жатқанын айтты

Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала халқының саны 1 миллион 200 мыңға жеткенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, жыл сайын қала халқының саны көбейіп жатыр. 

"10 жылдың ішінде қала тұрғындарының саны 2 есе өсті. Мысалы, 10 жыл бұрын елордада 650 мыңнан аса тұрғын болса, 2020 жылы оның саны 1 миллион 200 мың адамға жетті", - деді Көлгінов халыққа есеп беру кездесуінде.

Осы орайда қала әкімі мектептерге сұраныс артатынын жеткізді.

"Себебі, бала саны көбейіп жатыр. 10 жыл бұрын оқушылар саны 73 мыңға жуық болса, 2020 жылы оның саны 190 мыңнан асып кетті. Яғни мектептерге, мұғалімдерге салмақ түсіп жатыр", - деді ол.

Сондықтан Алтай Көлгінов елордада жыл сайын 10 мектеп салу жоспары барын айтты.

"2019 жылы біз 6 мектепті салып, іске қостық, 2020 жылы оның санын 2 есе көбейттік. Бірақ ол да жеткіліксіз. Өйткені, қалада 3 ауысымдағы мектептер бар. Әрине, бұл сапаға әсерін тигізеді. Өткен жылы біз елордадағы 3 ауысымды мектеп санын 2 есе азайттық: 8-ден 4-ке дейін", - деді шаһар басшысы.

Елорда әкімі биыл 15 мектеп салынатынын атап өтті.

"Ол – 2 ауысымды білім ордасы. Осылайша, онда 40 мың бала білім алады. Алдағы 5 жылда 50 мектеп салуды жоспарлап отырмыз", - деп түйіндеді сөзін Алтай Көлгінов.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу