Ішкі істер министрлігінің көлігін 5 минуттан артық қыздырғандарға жаппай айыппұл салу мақсаты жоқ

241

Ішкі істер органдары қазақстандықтарға көлігін бес минуттан артық қыздырғаны үшін жаппай айыппұл салуды мақсат етпейді. 

Ішкі істер министрлігінің көлігін 5 минуттан артық қыздырғандарға жаппай айыппұл салу мақсаты жоқ Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Бұл туралы министр Ержан Сәденовтің депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрдің хабарлауынша, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Жедел басқару орталықтары камераларының және автоматтандырылған жүйелермен анықталады. 

"Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының 88-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, егер тұрғындарға қолайсыздық келтіретін болса, елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тоқтап тұруына тыйым салынады. Осыған ұқсас талап Жол жүрісі қағидалары 17-тарауы 122-тармағының 4) тармақшасында бар", – делінген жауапта.

Тоқтап тұру – бұл көлік құралының жүрісін жолаушыларды отырғызуға немесе түсіруге не көлік құралын тиеуге немесе түсіруге байланысты емес себептер бойынша бес минуттан асатын уақытқа әдейі тоқтату, дейді ІІМ басшысы.

"Егер көлік құралы жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен бес минуттан артық тұрса және бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса Қазақстан Республикасы 2 ӘҚБтК 597-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамы қаралатын болады. Сонымен қатар ішкі істер органдары азаматтарға осы бұзушылық үшін жаппай айыппұл салуды мақсат етіп қоймайды. Аталған бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары келіп түскен кезде және бұзушылық туралы дәлелдер болған кезде ғана қозғалатынын атап өтеміз", – деді ведомство басшысы.

Ержан Сәденов бүгінгі таңда ІІМ жол қозғалысы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс енгізу мәселесін қарап жатқанын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу