Көлік иелері автогаз таппай сандалып жүр

575

Таразда темір тұлпар тізгіндегендер сұйытылған газ таппай, табан тоздырып жүр. Себебі бекеттерде автогаз сатылымы тоқтаған. 

Көлік иелері автогаз таппай сандалып жүр

Берілген күннің өзінде талон талап етеді. Құны арзан деп, көлігін газға көшірген көпшілік: "жыл сайынғы жырымыз - осы",- дейді. 

Автогаз жетіспеушілігі Таразда  1 айдан бері бар. Қиынға соққаны, соңғы 4 тәулікте тіптен тапшы. Мәселе де ушығып барады.  Көлік иелері қазір газы бар бекет іздеп әлек.

"Бәрі лимитпен. Бала шағамызды әрине осы көлікпен асырап жүрміз. Ең болмаса осы газ арзан болса дейміз", дейді Тараз қаласының тұрғыны Асхан Рақышев.

Бір ай бұрын бекет таңдап газ құйған бұқара қазір литрге разы. Өйткені түссіз отынға кей бекет талоннан бөлек, шектеу қойып тастаған. Әр көлікке небәрі 1500 тг-ге дейін ғана құюына рұқсат. Мәселенің ушыққанын энергетика басқармасы мойындады. Тапшылыққа себеп  тасымалдау екен. Өйткені шаһарға  автогаздың денін Ақтөбелік компаниялар жеткізетін көрінеді. 

"Бізге вагон цистерналар 10-14 күнде келуде. Сол мерзімді қысқарту бойынша әрбір мекемеге келісімшарт аясындағы бөлінген вагондарды қадағалап. Бізге Тараз қаласына жылдамдатып, мерзімді қысқартып, қысқа мерзімде жөнелту бойынша бірлесіп жұмыстар атқарудамыз", деді Энергетика шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Мәулен Қожақов.

 

Жауапты басқарма  тапшылықты 14 күнде реттейміз деп сендірді. Айта кетейік, өңірде сұйытылған газды қазір 40-қа жуық бекет сатады. Ал ағымдағы айға 5 мың тонна газ бөлінген еді деді қала билігі. 

<

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу