Түркістан облысы Жетісай ауданында 14 ақпан күні ауруханаға кәмелет жасқа толмаған үш бала жеткізілген. Түрлі дене жарақатын алған балалардың үшеуін де көлік қағып кеткен болып шықты. Бұл туралы облыс Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтемемен inbusiness.kz хабарлайды.
"16 және 13 жас шамасындағы балалар түрлі дене жарақаттарымен ем қабылдаса, небары 4 жастағы бүлдіршін ауыр дене жарақатының салдарынан жансақтау бөліміне түсіп, көз жұмды",– деп жазылған хабарламада.
Бұл жайттан хабардар бола сала полицейлер бірден тексеру жұмыстарына кіріскен.
"Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер сол күні кешкі сағат 17:50 шамасында Жетісай ауданындағы С.Ерубаев көшесі бойында белгісіз автокөлік оңтүстіктен солтүстік бағытына қарай жүріп бара жатып, 3 жасөспірім баланы соғып кетіп, жол көлік оқиғасын жасағаны анықталды. Нәтижесінде үш бала да ауруханаға жеткізілген", – деген мәлімет берді полициядан.
Аталған жайт Жетісай аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және күдіктінің оқиға орнын тастап кеткені үшін ҚР ҚК-нің 347-бабы (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліпті.
"Бұл қылмысты жедел ашу мақсатында аудан полицейлері күдіктіні анықтауға қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде оқиға орнын тиянақты тексерген тәртіп сақшылары сол орыннан белгісіз автокөліктің артқы жарық шамдарының сынықтары мен айна сынықтарын алды. Бұл заттардың "Ауди-100" маркалы автокөлігіне тиесілі және көліктің түсі сұр-қара (мокрый асфальт) болуы ықтимал деп болжануда. Сондықтан осы болжамға сәйкес Жетісай ауданындағы "Ауди-100" маркалы автокөліктер тыңғылықты тексерілуде", – деген ақпаратпен бөлісті әзірге полиция.