Алматы облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қонаев қаласындағы теміржол вокзалын жаңғырту жобасының жүзеге асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сапар барысында облыс әкімдігі, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ, мердігер ұйым өкілдері және жауапты қызметтер атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Қазіргі таңда нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарының 93 пайызы аяқталған. Бүгінде сыртқы электр және газ желілерін қосу, сондай-ақ ғимаратты жиһазбен және кеңсе техникасымен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар ғимараттың қаңқасын орнату, қабырғалар мен ішкі қалқаларды тұрғызу, шатырды жабу, инженерлік жүйелерді – су құбыры, кәріз, жылыту және желдету жүйелерін орнату, сондай-ақ жолаушылар платформасын салу жұмыстары толық аяқталған. Вокзалдың жалпы аумағы 503,8 шаршы метрді құрайды.
Кеңес барысында Алматы облысындағы өзге де теміржол вокзалдарын жаңғырту барысы қаралды. Атап айтқанда, Қазыбек Бек (Ұзынағаш) және Шамалған вокзалдарының дайындық деңгейі 99 пайызды, ал Жетісу вокзалы 92 пайызды құрап отыр. Жалпы өңір бойынша жұмыстардың орындалу деңгейі 96 пайызға жеткен.
Көлік министрі жобаларды белгіленген мерзімде аяқтап, нысандарды уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жаңартылған нысандар заманауи инженерлік жүйелермен, күту залдарымен және сервистік инфрақұрылыммен жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.