Көлік министрлігі 40 миллиард еуро инвестиция тартуды көздеп отыр

Марат Қарабаев Қазақстан учаскелерін Еуропа мен Азия арасындағы негізгі және ең тұрақты транзиттік бағыт ретінде пайдалануды ұсынды. 

Көлік министрлігі 40 миллиард еуро инвестиция тартуды көздеп отыр Фото: pixabay.com

Брюссельдегі форумның ашылу салтанатында Қазақстан Көлік министрлігі мен Еурокомиссия арасындағы кездесулердің тұрақтылығы атап өтілді. Бұл Global Gateway бастамасы арқылы серіктестік пен көлік байланысын нығайтуға өзара ұмтылысты растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өз сөзінде Көлік министрі еурофорумға қатысушыларға Қазақстанның көлік саласын дамытудың жетістіктері мен перспективалары туралы презентация жасап, еліміздің Еуропа мен Орталық Азия арасындағы жүк транзитіндегі шешуші рөлін атап өтті. Ол жүк айналымы жылдам қарқынмен өсіп келе жатқанын түсіндірді. Осылайша, 2023 жылдың соңында тек ҚХР-мен транзиттік тасымалдау екі есеге, ал транзиттің жалпы көлемі 43%-ға өсті", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Марат Қарабаев Қазақстан учаскелерін Еуропа мен Азия арасындағы негізгі және ең тұрақты транзиттік бағыт ретінде пайдалануды ұсынды.

Презентацияның негізгі бөлігінде Көлік министрлігінің басшысы алдағы бес жылда Қазақстан көлік саласындағы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін 40 миллиард еуро инвестиция тартуды көздеп отырғанын айтты.

"Осы кезеңде ұзындығы 4,7 мың шақырым транзиттік дәліздерді қайта жаңғырту және ТМТМ қаңқасының негізін құрайтын осыншама жолдарды жөндеу жоспарлануда. Жобаларды жүзеге асыру үшін біз Global Gateway бастамасы аясында қаражат тартуды ұсынамыз және еуропалық мердігерлерді Қазақстандағы ірі жол құрылысы жобасының қатысушысы болуға шақырамыз", - деді министр.

Сондай-ақ, теміржол саласында ұзындығы 1300 шақырымды құрайтын жаңа магистральдық бағыттардың құрылысы және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту күтілуде. Бұл жұмыс Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы өткізу қабілетін бірнеше есе арттыруға бағытталған.

"Азаматтық авиация саласында саланы дамыту және континенттік транзиттік хаб құру үшін Қазақстандағы 22 әуежайды инвесторларға басқару үшін беру жоспарланып отыр. Ақтау портында теңіз флотын нығайту және контейнерлік хаб құру үшін инвесторларға терминалдық қуаттарды дамыту үшін 171 гектар жер ұсынылады. Сонымен қатар, Ақтау және Құрық теңіз порттарын жеткізу немесе төлеу шарттары бойынша сенімгерлік басқаруға беруге болады. 

Сөз соңында Марат Қарабаев еуропалық ұйымдар мен компанияларды маусым айында Астанада өтетін New Silkway форумына қатысуға шақырды. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қыркүйек айында ЕО мен Қазақстан арасындағы көлік саласындағы әріптестік үшін инвестициялық форум ұйымдастыруды ұсынды", - деп түйіндеді Көлік министрлігі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу