"Газельге" тиелген заттардың көлемінің көптігінен, қызыл жалынды сөндіру 1 сағат бойы мүмкін болмаған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Жүк көлігіндегі тілсіз жау Қордай асуында тұтаныпты. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жедел жетіп, өртті әзер дегенде сөндірген.
Абырой болғанда жарақат алғандар жоқ. Соңғы күндері ауа-райының қолайсыздығынан республикалық маңызы бар жолдарда автомобильдердің қозғалысы айтарлықтай қиындаған. Осыған байланысты бүгін Көлік министрлігі үндеу жасады. Атап айтқанда, солтүстік аймақтарда бет қаратпас боран мен аяздың салдарынан бірқатар шектеулер енгізілген.
Қоғамдық көліктер мен дизель отынымен жүретін темір тұлпарлардың жүруіне болмайды. Ал оңтүстік өңірлерде желдің екпіні сағатына 40-42 шақырымға жеткен. Түк көрінбейтін жолдарда кептеліс көбеймес үшін Көлік министрлігі Жамбыл және Түркістан облыстарындағы асулардың жабылғанын хабарлады.
"Бүгін Жамбыл облысы жағынан 600 көлікке дейін және Шымкент қаласы жағынан 100-150 көліктердің жиналысы пайда болды. Хабарландыру жұмыстары, құтқару жұмыстары іске асырылуда. Жолдың бойында бірнеше жылыту пунктері ұйымдастырылған. Ол жерлерде барам деген жолаушыларға ыстық тамақ, жататын орын дайындалған. Ондай пукнтерде жылынуға барған жолаушылар демалып жатыр", - деді ҚР Көлік министрінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.