Көлік министрлігі инватакси қызметін көрсету тәртібін жетілдіруде

139

Инватакси қызметіне қатысты өзгеріс бар: енді оны кімдер ала алатыны нақтыланады. 

Көлік министрлігі инватакси қызметін көрсету тәртібін жетілдіруде Фото: open-almaty.kz

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл құжат мүмкіндігі шектеулі жандарға көліктің қолжетімді болуын, тасымалдау жұмысын жақсартуды және талаптарды бүгінгі заманға сай жаңартуды көздейді.

Инватакси қызметіне кімдер ала алатыны туралы арнайы тізім (қосымша) жасалады, онда инватаксиге құқық беретін медициналық көрсеткіштер нақты жазылады. Бұл аталған қызметті алушыларды айқындауда бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

Жергілікті атқарушы органдардың инватаксимен сапар ұзақтығын айқындау жөніндегі өкілеттіктері кеңейтіледі. Бұл тәсіл халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, реттеуді неғұрлым икемді жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 18 жасқа толған мүгедектігі бар адамдарды жеке көмекшілердің алып жүру мүмкіндігі бекітіледі.

Сонымен қатар автомобиль көлігімен жолаушыларды тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізіледі. Қоғамдық көліктің жүктемесі жоғары болған жағдайда балалар арбаларын алып жүру шарттары нақтыланып, автобустардағы бағыттық көрсеткіштерді рәсімдеуге қойылатын талаптар өзектендіріледі.

Конкурстық рәсімдерді жетілдіру аясында тасымалдаушыларды бағалаудың қосымша өлшемшарттарын енгізу көзделген. Атап айтқанда, электрлі және гибридті қозғалтқыштары бар автобустарды қоса алғанда, экологиялық көлікті пайдалану ынталандырылады. Бұл жылжымалы құрамды жаңартуға және қоршаған ортаға түсетін әсерді азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ, өңірлердегі автовокзалдардың атаулары мен орналасқан жері нақтылана отырып, тексеру жүргізілетін көлік инфрақұрылымы нысандарының тізімі нақтылануда.

Бұйрық жобасы 2026 жылғы 8 сәуірде "Ашық НҚА" интернет-порталында орналастырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу