Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар мен олардың көмекшілеріне қандай жеңілдіктер жасалады?

381

Марат Қарабаев Үкіметтің азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.  

Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар мен олардың көмекшілеріне қандай жеңілдіктер жасалады? Фото: zakon.kz.

Көлік министрімен кездесуге Астана, Алматы және Орал қалаларынан келген тұрғындар мен кәсіпкерлер, жалпы саны 17 адам жазылған. Келіп түскен сұрақтардың басым бөлігі инватакси машиналарының жетіспеушілігі, мүмкіндігі шектеулі жолаушылар мен олардың көмекшілеріне арналған коммерциялық жолаушылар көлігі қызметтеріне деген жеңілдіктер, автожол жобалары үшін битум жеткізу, автомобиль жолдарын күтіп-ұстау, ақылы трассаларды пайдалану, ауылдық жолдардың құрылысы және ведомстволық наградалар беру мәселелеріне қатысты болды.

Өтініш білдірген жандарға толыққанды жауаптар қайтарылып, заңнама нормалары шеңберінде ұсынымдар айтылды.

Атап айтқанда, әлеуметтік мәселелерді көтерген өтініш берушілерге Марат Қарабаев мүгедектігі бар барлық топтағы адамдар мен мүмкіндігі шектеулі балалар теміржол көлігінде билет құнының 50% мөлшерінде әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жол жүру жеңілдіктерін пайдалана алатынын, ал коммерциялық маршруттарда тасымалдаушылардың қалауы бойынша жеңілдік жол жүру құжаты құнының 70%-на жетуі мүмкін екенін түсіндірді.

Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар автобус маршруттарында І топтағы мүгедектер тегін жүре алады, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар жол жүру құнының 50% мөлшерінде жеңілдіктерді пайдалана алады.

Бұдан басқа, "Жолаушылар тасымалы" АҚ Тальгоның барлық коммерциялық поезында мүгедек жанға еріп жүруші жолаушы үшін билет құнының 70% мөлшерінде жеңілдік көзделген.

Авиация саласында ұшақ қызметін пайдаланатын мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер авиакомпаниялардың қалауы бойынша беріледі. Мәселен, Air Astana ауыр науқас балаларға жеңілдікті тарифтер мен жеңілдіктер ұсынады, Fly Arystan - Komek пилоттық жобасы шеңберінде мүгедектігі бар І топтағы мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға және оған еріп жүруші тұлғаға әуе рейстері тарифінің құнынан 50% жеңілдік, SCAT - жылына 1 рет ішкі бағыттар бойынша мүгедек балаларға 100% жеңілдік және І және ІІ топтағы мүгедектерге 50% жеңілдік, Qazaq Air - Басқарма төрағасының шешімі бойынша ауыр науқас балаларға және мүгедек балаларға жеңілдіктер қарастырған.

Айта кетерлігі, Komek пилоттық жобасы ҰОС ардагерлері мен ҰОС ардагерлеріне теңестірілген адамдарға, І топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ 80 жастан асқан жолаушылар санатындағы адамдарға билеттер сату барысында жеңілдетілген шарттарды қарастырады.

Көлік министрлігімен I, II және III топтағымүгедектігі бар жолаушылар үшін, оның ішінде балалар үшін ішкі бағыттар бойынша ұшу ақысын субсидиялау бағдарламасының бірнеше нұсқасы әзірленді.

Сондай-ақ Көлік министрлігі ІІМ және елорда әкімдігімен бірлесіп мүгедектігі бар адамдарға арналған мамандандырылған тұрақтарда инватакси автомобильдерін тұраққа қою, сонымен бірге арнайы бөлінген автобус жолақтарын пайдалану мәселесін пысықтады. Мамандандырылған автотұрақтарда өзінің құқықтарын қорғау үшін инватакси тасымалдаушылары автомобильдердің алдыңғы және артқы терезелеріне "Мүмкіндігі шектеулі жан" деген сәйкестендіру белгісін орнатуы қажет. Тасымалдаушылар арнайы бөлінген автобус жолақтарына қатысты әкімдікке хабарлама беріп, автокөліктің сыртқы бейнесінің сәйкесінше рәсімделуін қамтамасыз етуі қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу