11 қазан күні Қостанай әуежайында Qazaq Air әуе компаниясының Қостанайдан Астанаға бет алған IQ368 рейсі ұшу кезінде техникалық ақауға байланысты әуеге көтеріле алмай, тоқтауға мәжбүр болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көлік министрлігінің мәліметінше, оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, тергеуді Көліктегі оқиғаларды тергеу департаменті жүргізеді.
"Қостанай-Астана бағыты бойынша Qazaq Air әуе компаниясының рейсінде орын алған авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру үшін саладағы ережелерге сәйкес арнайы комиссия құрылады. Бұл жұмысты министрліктің Көліктегі оқиғаларды тергеу департаменті жүргізеді", – делінген министрлік хабарламасында.
Экипаж қауіпсіздік мақсатында ұшуды тоқтатып, ұшақты кері қайтарды.
Кей жолаушылар ұшақ дөңгелегінен ұшқын байқағанын хабарлаған. Бұл дерек техникалық тексеру кезінде ескеріледі.
Барлық жолаушылар аман-есен ұшу терминалына жеткізілді. Әуе компанияның техникалық тобы Қостанай әуежайында тексеру және ақауды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Qazaq Air өкілдерінің айтуынша, жолаушыларға барлық қажетті қолдау көрсетілген – қонақүйге орналастыру, билеттің толық құнын қайтару немесе басқа рейске ауыстыру мүмкіндігі ұсынылған.