Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев көлік инфрақұрылымын алдағы су тасқыны кезеңіне дайындау жұмыстарын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрлік басшысы республикалық маңызы бар теміржол және автомобиль жолдарының дайындығын, сондай-ақ әуежайларда су тасқынына қарсы іс-шаралардың жүргізілуін ерекше бақылауға алудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар өңірлерде атқарылып жатқан су тасқынына қарсы жұмыстар бойынша күн сайынғы есеп беруді және қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілікті қамтамасыз ету тапсырылды.
Жолдарды қорғау үшін қажетті материалдарды дайындауға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, инертті материалдар, құм, бут тасы, құм-қиыршық тас қоспасы, қаптар және басқа да ресурстарды әзірлеу мәселелері қаралды. Сондай-ақ министр су өткізгіш құбырлар, көпірлер және басқа да жасанды құрылыстарды қар мен қоқыстан тазартуды қамтамасыз етуді, жоғары қауіпті аймақтарда алдын ала айналма жолдарды пысықтауды тапсырды.
Қабылданған шаралар көлік инфрақұрылымын су тасқыны кезеңіне дайындауға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлік жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуіне бағытталған.