2022 жыл үшін жеке тұлғалардың көлік құралдарына салықты төлеу мерзімінің аяқталғанына байланысты, биылғы жылдың 4-сәуірінен бастап салықты уақытылы төлемеген тұлғаларға берешегі туралы хабарлама жіберілді.
"1-еселенген айлық есептік көрсеткіш (3 450 теңге) мөлшерінен артық төленбеген салық берешектері бойынша хабарлама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күні өткен соң салық бұйрықтары шығарылып, 5 жұмыс күнінен кейін жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберіледі. Одан басқа, 4 сәуірден бастап салықты төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындаудың мерзімі өткен әрбір күні үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мерзімі өткен әрбір күнге базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі", – деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті.
Осылайша, комитетте артық шығындар мен қиындықтарды болдырмау үшін салық бойынша берешекті жеке сот орындаушыларына жібергенге дейін төлеуге кеңес береді.
Салықтық берешегінің бар/жоқ екендігі туралы мәліметтерді "e-Salyq Azamat" мобильді қосымшасы (AppStore, PlayMarket) арқылы тексеруге болады: "e-Salyq Azamat"→Электронды сервистер→Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы қызметі→ЖСН-ды енгізу.