Түркістан облысының полицейлері көлігінің үстіне бірнеше адамды отырғызып, жол жүрген жүргізушіні Әкімшілік кодекстің төрт бабымен жауапқа тартатын болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
ВАЗ-2106 автокөлігінің үстінде бірнеше адамның отырып алған бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тараған болатын. Полиция жүргізушінің жеке басын анықтады. Тексере келе Ордабасы ауданының тұрғыны 1 наурыз күні көлік тізгінінде отырған сайрамдық азаматқа машинасын сатқаны белгілі болды.
Тәртіп сақшылары автокөліктің жаңа иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің төрт бабы бойынша хаттама толтырды: 230-бабы – "Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу", 590-бабы – "Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу", 593-бабы – "Жол жүрісі қағидаларында жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау", 612-бабы – "Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы".
Көлік тізгінінде болған азамат өзінің әрекеті заңсыз болғанын және жолаушылардың өміріне қауіп төндіргенін мойындап, кешірім сұрап, алдағы уақытта қайталамайтынын айтты.