Қылмыстық топ мүшелерінің жастары бар болғаны 18-де. Олар ұрлықты көбіне Алатау, Әуезов, Жетісу, Наурызбай аудандарында жасаған.
"Бұл азаматтар жалпы саны 26 қылмысқа барған. Қарақшылық әрекеттерін тәуліктің кез келген бөлігінде жүзеге асырып отырған. Осы уақытқа дейін күдіктілер аккумулятор, дөңгелек, көліктің ішінен музыкалық ойнатқыштарды қолды қылып жүрген. Сонымен қатар, олар ұрлаған темір тұлпарларын өртеп жіберетін болған. Сол арқылы күдіктілер шетелдік боевиктердегідей әсер алып, көңіл көтергендерін айтқан. Кейін олар үшін бұл әрекеттерінің қызығы таусылып, ұрлаған көліктерін сатуды қолға алған. Ұсталғандар Алматы және Жамбыл облыстарының тұрғындары. Сондай-ақ, қылмыстық топтың бір мүшесі бұған дейін суық қарумен қарақшылық әрекетке барған. Енді бұл азамат аталған әрекеті үшін де жауапкершілікке тартылады",– деді криминалды полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақов.
Қазіргі кезде күдіктілер ұсталып, уақытша тергеу изоляторына жіберілді.