Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр суды пайдалануға мемлекеттік бақылау күшейгенін, жыл басынан бері 758 заңбұзушылық анықталғанын айтты.
"Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі еседен астам көп. Сонымен қатар, автокөлік жуу орындарында технологиялық мақсаттарға орталықтандырылған ауызсуды пайдалануды шектеу бойынша Су кодексіне түзетулер әзірленді", – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.
Ведомство басшысының мәліметінше, елімізде алынатын судың шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Сондықтан негізгі назар су үнемдеу технологияларын енгізуге аударылған.
"Бүгінде бұл технологиялар қолданылатын алқап 702 мың гектарға жетті. Соның нәтижесінде шамамен 1,1 млрд текше метр су үнемделді. Суды тиімді пайдалану жұмыстары басқа салаларда да жүргізілуде. Өнеркәсіпте айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу көзделген. 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін 28 пайызға жеткізу жоспарлануда. Ал коммуналдық-тұрмыстық секторда жыл сайын қосымша 260 млн текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік бар", – деді министр.