ШҚО-да үш ер адам отырған көлік мұз астына кетті. Қайғылы оқиға Күршім ауданында орын алған. Үш азаматтың екеуі көлік салонынан шығып, аман қалған, деп хабарлайды altaynews.kz.
"Үш ер адам "Сузуки" автокөлігімен Көкпекті ауданынан Күршімге жету үшін Бұқтырма су қоймасын басып өтпек болған. Бірақ жағадан 15 метрдей ұзағанда мұз ойылып, көлік батып кеткен. 1965 және 1973 жылғы екі балықшы аман қалды, алайда олардың үшіншісі – 1959 жылы туған азамат көліктен шығып үлгермеді", – деп мәлімдеді ШҚО ТЖД.
Куәгерлер дереу құтқарушыларға хабар берген. Олар сол күні оқиға орнына жеткенімен, көлік ішінде қалған ер адамды алып шыға алмады. Өйткені қалың мұз көліктің есігін ашуға еш мүмкіндік бермеді дейді олар. Тек келесі күні ғана құтқарушылар мәйітті алып шықты.