Көлікті мас күйде басқарғаны үшін жазаны өзгерте ме – Министрлік өз ұстанымын жариялады

228

Мас жүргізушілерге өзге елде қандай жаза қолданылады?

Көлікті мас күйде басқарғаны үшін жазаны өзгерте ме – Министрлік өз ұстанымын жариялады Фото: inbusiness.kz

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев көлікті мас күйде басқарғаны үшін жазаны өзгертуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін депутаттар мас кезінде рөлге отырғандарға кесілетін жазаны өзгертуді ұсынған болатын. Осы мәселе қоғамда қызу талқыға түсті. Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, министрлікке осы мәселеге қатысты ұсыныстар көптеп түседі.

"Алайда мас күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілікті жеңілдетудің қажеті жоқ. Ешкім басқа адамдардың өміріне қауіп төндіруге құқылы емес", – дейді Сұлтанбаев.

Осы орайда комитет басшысы мас күйде көлік жүргізгені үшін әлдеқайда қатал жаза қолданылатын мемлекеттер де бар екенін еске салды.

"Мысалы, Жапонияда мас жүргізушіге ірі көлемде айыппұл салынып, түрмеге жабылады. Бұл ретте мас жүргізушімен сапарға келіскен жолаушыларға да айыппұл салынады. Малайзияда мас күйде көлік жүргізгені үшін отбасылық жауапкершілік қарастырылған, онда мас жүргізушілермен бірге олардың жұбайлары да қамауға алынуы мүмкін", – деді Сұлтанбаев.

Ал АҚШ-тың Иллинойс штатында өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру, бас бостандығынан айыру және айыппұл қарастырылған. Беларусь елінде алкогольді қайта тұтынған кезде жүргізушінің көлігі тәркіленіп, мемлекет кірісіне сатылады. Бұл ретте жүргізуші көліктің иесі ме, жоқ па, оған қарамайды.

"Қытайда жүргізуші бес жылға дейін куәлігінен айырылады. Алайда, егер мас күйде көлік жүргізу салдары апатқа алып келсе, жүргізуші өлім жазасына кесіледі. Осылайша, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстанда мас күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілік аса ауыр емес деп айтуға болады. Қазір белгіленген жауапкершілік – тиімді алдын алу шараларының бірі. Ол аталған заң бұзушылықтың ауырлығына сәйкес келеді және жол апатының алдын алады", – деді комитет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу