Колледждерде алған білімін пайдаға асыра алмай келеді

866

Колледждерде алған білімін пайдаға асыра алмай келеді

Ақтөбе облысында кәсіптік білім беру жүйелерінде бюджет қаражаты есебінен мамандар әзірлеу кезінде еңбек нарығының ерекшеліктері ескерілмей келеді, деп жазады egemen.kz.

Айталық 2014-2015 жылдары өңірдегі колледждерді мемлекеттік тапсырыс бойынша 6981 оқушы-студент аяқтап, кәсіптік білім алып шығыпты. Олардың тек 3909-ы ғана кәсіптік техникалық оқу орнында алған мамандықтарына сәйкес қызметке орналасқан. 2238-і колледждерде алған білімдерін пайдаға асыра алмай, өз еріктерімен басқа мамандықтар бойынша қызметке кірген. Сондай-ақ осы аралықта 834 түлек мүлдем жұмысқа тұра алмай, әрі "сайда сандарын, құмда іздерін" білдірмей, жым-жылас жоғалған. Бұның өзі мақсатты түрде мемлекет қаржысына оқытылған мамандардың 40-45 пайызы өз еріктерімен жұмыс іздеуге мәжбүр болғанын көрсетеді. Тіпті аймақтағы кейбір колледждерде алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алмаған түлектердің саны 64 пайызға дейін жеткені көңілге тіптен қонымсыз атап айтқанда осындай жағдай Ембі қызмет көрсету саласы колледжінде орын алыпты.

Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы жүргізген мемлекеттік аудит тексерулері нәтижесінде облыс орталығындағы өндірістік кәсіпорындар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден 2014-2015 жылдары колледж түлектеріне жүздеген сұраныстар түскенін айғақтайды. Алайда бұл сұраныстар тек сол айтылған, жолданған күйінде қалып қойыпты. Өйткені бюджет қаражатына кәсіби мамандық алып шыққан түлектердің бірде-бірі аталған мекеме, кәсіпорындарға жұмысқа қабылданбапты.

"Біз бұдан Ақтөбе қаласында орналасқан мекеме кәсіпорын басшыларының ұсыныстары тек колледжде оқитын оқушылар санын жасанды түрде көбейту мақсатында ғана жасалғанына көз жеткізе аламыз. Соның салдарынан 112,6 миллион тенге бюджет қаражаты тиімсіз түрде жұмсалған", - дейді бұл тұрғыда Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу