Осылайша, миллиондаған қазақстандықтың жеке мәліметін заңсыз пайдаланған коллекторлық агенттіктің қызметі әшкереленіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу деректерінде күдіктілердің қолында ел азаматтарының деректері жинақталған арнайы ақпараттық жүйе болғаны айтылады.
Полиция мәліметінше, бұл базадан азаматтарды тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН-і және ұялы телефон нөмірі арқылы іздеуге мүмкіндік болған. Құқық қорғау органдарының деректері бойынша, ақпараттық жүйеде Қазақстанның 16 миллионға жуық азаматына қатысты мәлімет сақталуы ықтимал.
Заңсыз әрекетті Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері прокуратура және ҰҚК департаментімен бірлесіп анықтаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында деректер базасын ұйымдастыруға және пайдалануға қатысы бар деген күдікпен 3 адам ұсталған.
– Күдіктілердің тұрғылықты жері мен жұмыс орындарында санкцияланған тінту жүргізілді. Тергеу кезінде көп мөлшерде компьютерлік техника мен мобильді құрылғылар тәркіленді. Олар жеке деректерді сақтау және өңдеу үшін қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, тексеру шаралары үшін бірнеше адам ішкі істер органдарына жеткізілген, – делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша соталды тергеу басталып кетті. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын, құпия ақпараттың қайдан алынғанын және қалай таратылғанын анықтап жатыр.
Полиция азаматтардың жеке дерегін заңсыз жинау, сақтау, тарату және пайдалану Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін қатаң ескертеді.